Өмірбаян

Ахметова Гүлнас Кенжетайқызы – Қазақстан Республикасындағы білім және ғылым саласының белгілі маманы, ғалым-педагог, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері.

1974 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін үздік бітірді. Мәскеудегі Бүкілодақтық бірінші студенттер слетінің делегаты болды. Г.К. Ахметова Мәскеу қаласында ПҒА аспирантурасын бітірген соң, диссертациясын жемісті қорғап, кандидаттық ғылыми дәрежеге іздене жүріп, жақсы даярлықтан өтті.

Г.К. Ахметованың бүкіл еңбек жолы Қазақстан Республикасының білім беру жүйесімен байланысты. 1986 жылдан 2010 жылдың қазанына дейін Әл-Фараби атындағы қазақтың Ұлттық университетінде еңбек етті. Бұл кезеңдерде жоғары оқу орнындағы барлық негізгі қызметтік баспалдақтардан өтті: көмекші – оқытушы – аға оқытушы – доцент – кафедра меңгерушісі – кафедра профессоры – Әл-Фараби атындағы ҚАЗМУ проректоры.

Осы қызметте жүріп, Әл-Фараби атындағы ҚАЗМУ біліктілік арттыру институтының жұмысын қадағалады. Профессор Г.К.Ахметованың ғылыми қызығушылығы білім саласының теориялық және әдіснамалық мәселелеріне, оның даму тарихына, жоғары кәсіби білімнің теориясы мен әдістеріне, жоғары мектеп дидактикасы мен жоғары оқу орындарындағы тәрбие тұжырымдамасына жинақталған. 150-ден аса ғылыми басылымдары бар. Олардың арасында кітаптар, жоғары мектеп пен білім саласы қызметкерлеріне, студенттер мен оқытушыларға арналған монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары бар. 

Г.К. Ахметова халықаралық және республикалық көлемдегі бірнеше ғылыми-зерттеу жобаларының бастамашысы және жетекшісі болды. Профессор Г.К.Ахметова АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея университеттерінде жоғары білім мәселелері мен Қазақстанның білім беру бағдарламаларын шетелдік білім беру жүйесі стандарттарына және нарықтық экономикаға бейімдеу туралы дәріс оқыды. Бірнеше жылдан бері «КазМУ Жаршысы» журналының редакциялық алқа мүшесі, «Аружан», «Білім кілті» журналдарының алқа мүшесі.

Г.К. Ахметова 2003-2005 жылдар аралығында ҚР ЖАК сараптау комиссиясының төрайымы болды, қазіргі кезде ҚР БҒМ білім және ғылым саласын бақылау және аттестаттау Комитеті Президиумының мүшесі. Г.К.Ахметованың жетекшілігімен докторлық, кандидаттық, магистрлық диссертациялар жемісті қорғалды. «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі, Алматы қаласы әкімдігінің гендерлік саясат және отбасы істері Комиссиясының төрағасының орынбасары сияқты қоғамдық жауапты қызметтер атқарады.

Білім және ғылым саласындағы ұзақ жылдық табысты еңбектері үшін «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Конститутциясына 10 жыл» медальдарымен т.б. марапатталды. «Ажар» әйелдер жетістігін тану қоғамдық сыйлығының «Білім беру» номинациясы бойынша лауреаты (2006), Қазақстан ғылым және техникасының дамуына көрнекті үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған Мемлекеттік ғылыми шәкіртақы иегері (2006-2008 ж.). 2007 жылы ҚР БҒМ-нің «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2009 жылы «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» белгілерімен марапатталды. Г.К. Ахметова 2010 жылдың қараша айынан бастап Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институтын басқарады.

2010 жылдың қараша айы мен 2012 жылдың ақпан айының аралығында Ахметова Г.К. Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институтын басқарды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 ақпандағы № 232 қаулысымен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы құрылып. Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институт пен 16 облыстық және Астана, Алматы қалалық біліктілікті арттыру институттары Ұлттық орталықтың филиалдары ретінде анықталды. Қазіргі таңда Ахметова Г.К. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарады.

Блог статистикасы